Malim.kz
Саясат

Ақтау қаласына жаңа әкім тағайындалды

• Мадияр Қапанбек
Мақсат Мұқаш. Фото: t.me/mangystau_press

Ақтау қаласының әкімі болып Мақсат Мұқаш тағайындалды. Тиісті өкімге Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай қол қойған, деп хабарлайды Malim.kz.

Тағайындау Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен жүзеге асқан.

Мақсат Мұқаш Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бойынша білім алған. Кейін "Құқықтану" және "Мемлекеттік және жергілікті басқару" бағыттары бойынша да білімін жалғастырған.

Еңбек жолын 2013 жылы Жаңаөзен қаласындағы №7 мектепте дене шынықтыру пәнінің мұғалімі және №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде еркін күрестен жаттықтырушы болып бастаған.

Кейін Қызылсайдағы №3 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директорының орынбасары, одан кейін директоры қызметін атқарды. 2019-2023 жылдары Жаңаөзен қаласындағы тағы бір спорт мектебін басқарған.

2021-2023 жылдары Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты болды. Сонымен қатар "Ақ жол" партиясының Жаңаөзен қалалық филиалына жетекшілік еткен.

2023 жылы Маңғыстау облысы әкімдігіне ауысып, облыс әкімінің көмекшісі қызметін атқарды. Кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып тағайындалды.

2025 жылғы желтоқсаннан бастап осы уақытқа дейін Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келген.

Енді Мақсат Мұқаш Ақтау қаласының әкімі ретінде қызметін жалғастырады.

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстау облысы әкімдігінде кадрлық өзгерістер болды. Ербол Ізбергенов облыс әкімінің бірінші орынбасары, ал Бекбол Орынбасаров облыс әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған еді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары