Malim.kz
Қоғам

Ақтау халықаралық портының экс-басшысы сот залынан босатылды

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Бүгін Ақтау қалалық сотында қызметі теңіз сауда портымен байланысты болған төрт сотталушыға үкім оқылды. Естеріңізге сала кетейік, сот жарты жылдан астам уақытқа созылды. Осы уақыт ішінде қылмыстық істің 83 томы жиналды, деп хабарлайды Malim.kz otpannews.kz-ке сілтеме жасап.

Абай Түрікпенбаев ҚР ҚК-нің үш бабы бойынша айыпталған. Оның ішінде жәрдемдесу, алаяқтық және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану. Бірақ судья атап өткендей, сотталушының алаяқтық жасаудағы кінәсі дәлелденбеді. Іс ҚР ҚК-нің 371-бабына (Салғырттық) қайта сараланды. Сот шешімімен Абай Түрікпенбаев мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салына отырып, ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде 2 жылға бас бостандығынан айыруға үкім кесілді. Бірақ ол бір жылдан астам уақыт күзетпен ұсталғандықтан (мұнда бір күн екі күнге есептеледі), сот Абай Түрікпенбаевты жазасын өтеуіне байланысты сот залынан босату туралы қаулы етті.

Ақтау портының коммерциялық жұмыс жөніндегі атқарушы директоры Ахмад Мустафин екі бап бойынша айыпталды: алаяқтық және сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген жануарлардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу. Сот шешімімен ол орташа қауіпсіздік мекемесінде 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім кесілді. Ол сондай-ақ мемлекеттік ұйымдарда басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Нұркен Мақсат пен Бақтыбаев Бақытбек ҚР ҚК-нің 361-бабы 1-бөлігі бойынша лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану және ҚР ҚК-нің 28-бабы 5-бөлігі бойынша жәрдемдесу баптарымен айыпталды. Сот шешімімен оларға 1 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сот шешімі күшіне енгеннен кейін олар пробация органдарында есепке тұруға міндетті болады.

Сонымен қатар сотта теңіз портының азаматтық талап арызы да қаралды. Ол бойынша Мустафин 2,2 млрд теңге мөлшеріндегі шығынды өтеуге міндетті болады. Абай Түрікпенбаев пен Нұркен Мақсат, сондай-ақ Түрікпенбаев пен Бақтыбаев Бақытбек әрқайсысы 1,8 млн теңгеден өтеуге міндетті.

Түрікпенбаевтың адвокаты сот шешімімен келіспейтінін және оны негізсіз әрі әділетсіз деп санайтынын атап өтті.

«Қылмыстық процесс алдын ала таңдалған айыптау нұсқасын жай ғана үкімге дейін жеткізетін формальдық болмауы тиіс. Қылмыстық процестің міндеті – қайткенде де соттау емес. Оның міндеті – істің мән-жайын бейтарап, толық және объективті анықтау, әділ сот талқылауын қамтамасыз ету және заңды дұрыс қолдану. Біздің ісімізде, өкінішке қарай, бұлай болған жоқ. Қорғау тарабының елеулі уәждері тиісті бағасын алмады. Дәлелдемелердегі қайшылықтар жойылмады. Процестік заңның бұзылуы іс жүзінде құқықтық реакциясыз қалды. Бірақ түпкілікті нүктені бірінші инстанция қоймайды. Біз үкімге шағым түсіреміз және оның заңда белгіленген тәртіппен күшін жоюға қол жеткіземіз»,- деді адвокат Радик Өмірболат.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары