Ақтаудан әскерге шақырылған 18 жастағы Еркебұлан Досымбет қазір Ақтөбе облыстық ауруханасында ем алып жатыр. Жас сарбаздың туыстары оның әскери бөлімде бірнеше сержанттан соққы көргенін мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Lada.kz мәліметінше, сарбаздың анасының айтуынша, ұлын сержанттар бірнеше рет соққыға жыққан, соның ішінде шап тұсынан да ұрған. Соған қарамастан, Еркебұланға физикалық жаттығуларды орындауды жалғастыру тапсырылған. Ал талапты орындай алмаған жағдайда қайта соққы көргенін туыстары айтады.
Кейін сарбаздың зәр шығаруында қиындық пайда болған. Жақындарының сөзінше, ол екі тәулік бойы дәретке дұрыс шыға алмай, кейін Ақтөбе облыстық ауруханасына жеткізілген. Қазір Еркебұлан ауруханада катетермен жатыр.
Ауруханада сарбаз өзінің аға сержант пен тағы екі сержант тарапынан соққы көргенін айтқан.
Оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды.