Malim.kz
Қоғам

Ақтөбе облысында ер адам мал бағуға шығып, адасып кеткен

Арман Қайыпхан
Фото: ТЖМ

Ақтөбе облысында мал бағуға шығып, адасып кеткен ер адам аман-есен табылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Белгілі болғандай, 1969 жылы туған жергілікті тұрғын 16 қаңтар күні таңертең Ақтөбе облысы Жайсаңбай ауылдық округіне қарасты Қосбармақ қыстауына мал бағуға шыққан, алайда белгіленген уақытында қайтып оралмаған. Ер адамның жанында ұялы телефон болмағандықтан, іздеу жұмыстары қиындай түскен.

Оның жоғалғаны туралы хабар 17 қаңтар күні кешке түскен. Осыдан кейін іздестіру-құтқару жұмыстарына Ақтөбе және Ұлытау облыстарының ТЖД қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдар мен полиция жұмылдырылды. Іздеу жұмыстары елді мекендерден алыс, қолайсыз ауа райы жағдайында жүргізілді. Оған жер үсті техникасы, дрондар, кинологиялық есептоптар, спутниктік байланыс құралдары және авиация тартылды.

ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» қызметінің Ми-8 тікұшағымен жүргізілген әуе барлау барысында Қосбармақ қыстауынан батысқа қарай шамамен 25 шақырым қашықтықта қой отары анықталды.

Кейін іздестіру тобының күшімен ер адам Қосбармақ қыстауынан шығысқа қарай 60 шақырым жердегі далалық аумақтан табылды. Оның жағдайы қанағаттанарлық, медициналық көмек қажет болмады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары