Ақтөбе өңірінде Мөңке бидің 350 жылдық мерейтойына орай, ұлттық мұраны сақтау мен дәріптеугебағытталған ауқымды мәдени, ғылыми және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Атап айтқанда, Мөңке бидің өмірі мен мұрасына арналған «Мөңке би» тарихи драмасы, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, ұлттық спорттық ойындар, жыр мүшәйра байқаулары, ұлт аспаптар оркестрінің кең көлемдегі концерті көрермен назарына ұсынылды. 60 ақ шаңқан киіз үйлерден жасақталған этноауыл 20 мыңнан аса қала тұрғындары мен өңірге келген қонақтарды қабылдады.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтай отырысында: «Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет», – деп атап өткен болатын.
Жеті жасынан тура билік айтып, тыңдағанды ұйытқан Мөңке би – Мемлекет басшысы атап өткен көрнекті тарихи тұлғалар қатарында.
Мөңке Тілеуұлы – өз дәуірінің ғана емес, келер ұрпақтың да кемеңгеріне айналған тұлға.
Баба өсиеті халқымыздың бірлігін нығайтып, жас ұрпақтың жарқын келешегіне қызмет ете беруіне тілектестік білдіремін», – деп атап өтті облыс әкімі Асхат Шахаров құттықтау сөзінде.
20 мыңнан аса қонақ ұлттық тағамдардан дәм татып, қолөнер шеберлерінің көрмесін тамашалап, қазақы салт-дәстүрдің көріністеріне куә болды.
Мөңке бидің 350 жылдығы тек өңір тұрғындары үшін емес, бүкіл ел үшін маңызды оқиғаға айналып, қазақ халқының рухани мұрасын, тарихи жады мен мәдени болмысын сақтаудың маңыздылығын айқындап отыр.
Фото: Ақтөбе облысы