Ақтөбе облысында бұрын 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген Шалқар қаласының экс-әкімі өзін ақтап шығуға уәде берген әйелге 4 миллион теңге беріп, алаяқтықтың құрбаны болды, деп хабарлайды Malim.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Экс-әкім сот үкімімен келіспей, көмектесетін адам іздеген. Туысы оған заңгер Қаламқас С.-ны ұсынып, ол ақтау үкімін шығарып бере алатынын айтып, қызметі үшін 8 миллион теңге сұраған. Ер адам әкесімен бірге оның үйіне барып, алдын ала 4 миллион теңге берген. Алайда уәде орындалмай, ісі оң шешілмеген.
Кейін белгілі болғандай, экс-әкім әйелмен ешқандай келісімшарт жасаспай, ақшаны түбіртексіз тапсырған. Ал күдікті бұл қаражатты қарызға алғанын мәлімдеген.
Тергеу барысында Қаламқас С.-ның тұрғын үйге қатысты алаяқтық істерге де қатысы бары анықталды. Ол Ақбота Т.-мен бірге азаматтарға «Самұрық-Қазына» бағдарламасы арқылы кейін сатып алу құқығымен жалға берілетін пәтер кезегіне тұрғызуға уәде берген.
Олардың бірі жәбірленушіден Астанадағы «Эдельвейс» тұрғын үй кешенінен екі бөлмелі және «Highvill» тұрғын үй кешенінен үш үш бөлмелі пәтер алып береміз деп, 47 миллион теңге алған. Осыған ұқсас тәсілмен тағы бірнеше адам алданған.
Сот үкімімен 54 жастағы Қаламқас С. алаяқтық жасағаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залында қамауға алынды. Оның сыбайласы Ақбота Т. де 6 жылға сотталды, алайда кішкентай баласының болуына байланысты жазасы үш жылға кейінге қалдырылды. Сонымен қатар сот сотталғандарды жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеуге міндеттеді.