Malim.kz
Қоғам

Ақтөбеде Көрісу күніне орай «Наурыз – береке бастауы» мерекелік бағдарламасы ұйымдастырылды

Арман Қайыпхан
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

14 наурыз – Көрісу күніне орай Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты Сазды мәдениет үйі мен №83 жалпы білім беретін орта мектебінің ұйымдастыруымен «Наурыз – береке бастауы» атты мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Іс-шараға Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет қатысып, жиналған жұртшылықты Көрісу күнімен құттықтап, Наурыз мейрамының ел бірлігі мен татулығын нығайтудағы маңызына тоқталды.

​Шара барысында ұлттық дәстүрлер дәріптеліп, киіз үй тігіліп, алтыбақан құрылды. Келген қонақтарға ұлттық тағам – Наурыз көже ұсынылды.

​Сондай-ақ шара аясында қазақ халқының ежелгі Көрісу дәстүрі кеңінен насихатталып, тұрғындар бір-бірімен көрісіп, ақжарма тілектерін білдірді.

​Мерекелік бағдарлама ұлттық өнер мен салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған концерттік кешпен жалғасты. Концерт барысында «Сазды» мәдениет үйінің өнерпаздары өнер көрсетіп, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар «Ақмаржан» әжелер ансамблі мен «Үлгілі» «Домбыра дастан» ансамблі ұлттық ән-күйлер орындап, сахналық қойылымдар ұсынды.


​Іс-шара барысында келушілер ұлттық ойындарды тамашалап, қазақтың дәстүрлі қолөнер бұйымдарының көрмесін көрді. Сондай-ақ аталар кеңесі мен әжелер өнегесі дәріптеліп, жас ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттаудың маңызы кеңінен айтылды.

​Бұл тағылымы мол мерекелік кездесу қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ұлттық салт-дәстүрді ұлықтауға бағытталған мазмұнды шаралардың бірі болды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары