Malim.kz
Қоғам

Ақтөбеде жанармай ішкен оқушы ауруханаға түсті

Сабина Асқарқызы
istockphoto.com

Ақтөбе облысының Қобда ауданында бірінші сынып оқушысы мектепте бензин ішіп қойып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Malim.kz Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап. 

«Диапазонның» жазуынша, оқиға оқу жылы аяқталарға аз уақыт қалғанда болған. Үлкен үзіліс кезінде бірінші сынып оқушысы далада ойнап жүрген. Кейін белгісіз себеппен мектептің жертөлесіне түсіп, сол жерден ішінде не екені белгісіз сұйықтық құйылған ыдысты тауып алған. Бала оны ішіп қойғаннан кейін қайта сыныпқа оралған.

Сабақ барысында мұғалім баладан бензин иісі шығып тұрғанын байқап, сұрай бастаған. Сол кезде оқушы болған жағдайды айтып берген.

Мектеп оқушысы сабақ аяқталғанша отырған. Үйіне барған соң оның жүрегі айнып, құса бастаған. Анасы баласын ауруханаға апарып, дәрігерлер асқазанын шайған. Кейін оны облыстық балалар клиникалық ауруханасына жіберген. Онда ем қабылдаған бала қазір үйіне шығарылған.

Білім басқармасы Қобда ауданындағы жеті жастағы баланың шынымен де бензин иісі шыққан сұйықтықты байқамай ішіп қойғаннан кейін ауруханаға түскенін растады.

Облыстық балалар ауруханасында ем алып, дәрігерлер бақылауында болғаннан кейін оның жағдайы тұрақталған. Қазір өміріне қауіп жоқ, бала үйіне шығарылған. Білім басқармасы болған жағдайдың мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрған.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары