Malim.kz
Қоғам

Ақтөбедегі жанармай құю бекетінде көлік өртеніп, үш адам қаза тапты

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан скрин

Ақтөбе қаласындағы жанармай құю бекеттерінің бірінде автокөлік өртеніп, салдарынан үш адам қаза тапты, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде жарияланды. Кадрларда жалынға оранған автокөлік пен адамдардың айқайлаған дауыстары естіледі.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өртті сөндіру барысында көлік салонынан үш адамның мәйіті табылған. Қаза болғандардың екеуі – кәмелетке толмағандар.

Сондай-ақ оқиға салдарынан тағы бір адам зардап шегіп, ауруханаға жеткізілді.

Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 54 жастағы ер адам есін біледі, өздігінен тыныс алып жатыр және қажетті медициналық көмек алуда.

Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары