Malim.kz
Қоғам

Ақылы жолдарда төлем жасау ережелері өзгертілді

Айбын Атабай
Gov.kz

Көлік министрлігі ақылы автомобиль жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібін реттейтін ережелерге өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Tengrinews.

Жаңартылған нормаларға сәйкес, жеке тұлғалар үшін жол ақысын төлеу мерзімі ұзартылды. Енді жүргізушілерге төлем жасау үшін 30 күнтізбелік күн беріледі. Егер осы мерзім ішінде төлем жасалмаса, 31-ші күні материалдар одан әрі қарау үшін көліктік бақылау органдарына жіберіледі.

Бұған дейін тәртіп қатаңырақ болатын: төлем жеті күн ішінде жасалмаса, сегізінші күні-ақ материалдар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жіберілетін.

Компанияларға арналған бөлек ережелер

Алғаш рет жеке және заңды тұлғалар арасындағы айырмашылық енгізілді. Компаниялар үшін басқа мерзім белгіленген: төлем есепті айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей жүргізілуі тиіс.

Егер заңды тұлға бұл талапты орындамаса, материалдар келесі күні-ақ көліктік бақылау органдарына жолданады.

Өзгерістер қашан күшіне енеді

Аталған жаңа ережелер республикалық маңызы бар ақылы жолдарды пайдаланушыларға қолайлылықты арттыруға және айыппұл жағдайларын азайтуға бағытталған.

Бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Еске салайық, бұған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев биыл ақылы жолдарды пайдаланудан бюджетке 100 миллиард теңге түсіру жоспарланып отырғанын айтқан. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80 миллиард теңгені құраған.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары