Malim.kz
Әдебиет

Ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 90 жасқа келді

Айбын Атабай
Ашық дереккөз

Бүгін, 2026 жылғы 18 мамырда ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, қоғам қайраткері, дипломат және түркі әлемінің көрнекті ойшылы Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. 

Мерейтой иесіне Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы келіп, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады.

«Мемлекет басшысы атынан Алматы әкімі Дархан Сатыбалды көрнекті ақын, жазушы және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Әкім оған әдебиетті, мәдениетті, қоғамдық ойды және антиядролық қозғалысты дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғыс білдірді» деп  хабарлады Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев көрнекті қазақ ақыны әрі қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовті 90 жылдық мерейтойымен құттықтады.  

Әлиев қаламгерді түркі әлемінің біртуар тұлғасы деп бағалап, оның ұлттық құндылықтарды дәріптейтін шығармалары оқырманның зор ықыласына бөленгенін атап өтті.

Сонымен қатар Әлиев Олжас Сүлейменовтің Әзербайжанға деген шынайы достық пейіліне ерекше тоқталды. Оның әзербайжан халқының ұстанымын үнемі қолдап, ел жеңісін бүкіл түркі жұртының ортақ тарихи жетістігі деп тануы үлкен рухани күш беретінін жеткізді. Ол ақынның түркі халықтары арасындағы ынтымақты нығайтуға қосқан үлесі зор екенін айтты.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары