Malim.kz
Қоғам

"Әр адам өз ісі үшін жауапты": Бердібек Сапарбаевтың келіні қайын атасы туралы бар шындықты айтты (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы

Қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың келіні Адель Сапарбаева әлеуметтік желідегі парақшасында марқұм қайын атасына арналған естелігін жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.

Адель Сапарбаева Instagram-дағы жазбасында Бердібек Сапарбаевтың өмірге деген көзқарасы мен адамға көмек көрсету жөніндегі қағидаларын ерекше құрметпен еске алған. Оның айтуынша, қайын атасы көмек берудің де өз шегі мен жауапкершілігі болатынын терең түсінген.

"Адамға бір сәттік жәрдем беру бар, ал оны өз бетімен өмір сүруге үйрету бар. Бұл ол үшін жай ғана мысал емес, берік өмірлік ұстаным еді. Қарызды жауып беру немесе ақшаны себепсіз үлестіруді құптамады. Әр адам өз таңдауы мен шешімі үшін өзі жауап беруі керек деп есептейтін", – деп жазды ол.

Адель Сапарбаева марқұмның шынайы көмекті адамның аяғынан нық тұруына мүмкіндік беретін қолдау деп түсінгенін атап өтті. Оның пікірінше, жауапкершілікті өзгеге немесе жүйеге арту жеке адамның да, тұтас қоғам мен экономиканың да әлсіреуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар Бердібек Сапарбаев еңбекқорлықтың, тәртіптің және күнделікті қарапайым әдеттердің маңызын жиі айтқан. Таңертең төсекті жинау, ас ішкен соң ыдысты реттеу сияқты ұсақ көрінетін істердің өзі адам бойында жауапкершілік пен мінез қалыптастырады деп сенген.

"Осындай қарапайым әрекеттер арқылы адамның болмысы қалыптасады", – деп түйіндеді Адель Сапарбаева.

Бердібек Сапарбаев туралы

Мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев 2023 жылғы 10 маусымда 71 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Бердібек Сапарбаев еңбек жолында еліміздің Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Жамбыл облыстарын басқарып, өңірлік басқаруда мол тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар ол премьер-министрдің орынбасары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметтерін атқарып, мемлекеттік басқарудың түрлі саласында еңбек етті. Экономика ғылымдарының докторы болған.

Ол 1953 жылғы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданына қарасты Бесарық ауылында дүниеге келген. Ел дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Бердібек Сапарбаев "Отан", "Барыс", "Парасат", "Құрмет" ордендерімен және өзге де бірқатар мемлекеттік марапаттармен наградталған.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары