Танымал әнші Бағлан Әбдірайымов әріптесі Мақсат Базарбайға ерекше құрметін білдіріп, оның өнері бала күнінен жүрегінде сақталғанын айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында Мақсат Базарбайдың әндерін алғаш рет бала кезінде тыңдағанын еске алды. Оның сөзінше, сол кездегі әсер әлі күнге дейін ұмытылмаған.
"2000-2001 жылдары бала күнімде Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов мәдениет үйіне "Бауыржан шоу" ұжымымен бірге келіп, сахнада домбырамен "Сыған серенадасы" мен "Алқалы жұртым" әндерін орындағаны әлі күнге дейін есімде. Сол сәттер бала жүрегіме өшпестей із қалдырған. Кейін "МузАРТ" тобымен шырқаған әндерін тыңдап өстік. Даусындағы әсемдік пен орындау шеберлігіне тәнті болып, партияларын айнытпай салуға тырысқан кездеріміз де болды. Бір сөзбен айтқанда, еліктеп өскен әншілеріміздің бірі", – деп жазды Бағлан Әбдірайымов.
Әнші арада ширек ғасырға жуық уақыт өтсе де, сол күндердің әсері әлі де ерекше екенін жеткізді.
"Міне, арада 25 жвлдай уақыт өтсе де, сол күндер кешегідей әсер береді. Маке, қартаймаңыз! Жібек үніңіз елдің жүрегінен орын таба берсін. Сахналық ғұмырыңыз ұзақ та баянды болсын! Халықтың ықыласы мен құрметіне бөлене беріңіз!" – деді ол.
Желі қолданушылары Бағлан Әбдірайымовтың жазбасына жылы пікір қалдырып, Мақсат Базарбайдың қазақ эстрадасында өзіндік орны бар өнер иесі екенін жазды.
Еске сала кетейік, "Түркістан" театрының актері Шерхан Саматұлы "Қайырлы таң, Қазақстан" бағдарламасында қонақ болып, "МузАрт" тобына арналған театрландырылған қойылым туралы әңгімелеген еді. Сондай-ақ әлеуметтік желіде "МузАРТ" тобының бұрынғы мүшесі Мақсат Базарбаевтың ұжымнан кетуіне қатысты түрлі пікірлер қайта талқылана бастаған болатын.
Мақсат Базарбай кім?
Мақсат Базарбай – қазақ эстрадасында өзіндік орны бар әнші, көпшілікке "МузАРТ" тобының алғашқы құрамындағы өнерпаз ретінде танылған тұлға. Ашық деректерде оның толық тегі көбіне Мақсат Базарбаев деп көрсетіледі. Ол 1976 жылы 14 қарашада Жамбыл облысы Қордай ауданына қарасты Кенен Әзірбаев атындағы ауылда дүниеге келген. Қарапайым отбасында өскен Мақсат бала кезінен өнерге жақын болып, ән айтуға ерте қызығушылық танытқан. Ол үш баланың ортасында тәрбиеленгені, ағасы мен қарындасы бары туралы да деректер кездеседі.
Әншінің үлкен сахнадағы жолы 1998 жылдардан басталады. Сол кезеңде ол "Бауыржан шоу" театрында әнші әрі актер ретінде өнер көрсеткен. 2001 жылға дейін осы ұжымда тәжірибе жинап, сахналық шеберлігін қалыптастырды.
Кейін Мақсат Базарбай қазақ эстрадасындағы ең танымал жобалардың бірі – "МузАРТ" тобының құрылуына атсалысты. 2001 жылы Мейрамбек Бесбаев және Сәкен Майғазиевпен бірге топтың алғашқы құрамында өнер көрсетті. Әншінің айтуынша, топтың атауы алғашқы айларда бірден қойылмаған, ал ең алғаш жаздырған әндерінің бірі "Сенің көзің" болған. "МузАРТ" құрамындағы Мақсаттың дауысы мен орындау мәнері тыңдарманның есінде ерекше сақталды. Ол топта шамамен төрт жыл өнер көрсетіп, кейін жеке шығармашылық жолын таңдады.
2005 жылдан кейін әнші жеке әнші ретінде сахнаға шығып, өз репертуарын қалыптастыра бастады. Оның орындауындағы әндерде қазақы мақам, лирикалық әуен және табиғи дауыс үйлесімі анық байқалады. Мақсат Базарбайды тыңдарман көбіне қоңыр дауысты, салмақты сахналық болмысы бар әнші ретінде бағалайды. Ол "Сыған серенадасы", "Алқалы жұртым" секілді әндерді домбырамен орындаған кездерімен де көпшіліктің есінде қалған.
Әншінің өнер жолы бір ғана топпен шектелмей, жеке концерттермен, телебағдарламалармен және түрлі шығармашылық кездесулермен жалғасты. Кейінгі жылдары ол бұрынғы әріптестерімен де жақсы қарым-қатынаста екенін айтып, өнердегі сыйластықты жоғары қоятынын білдірген. Мақсат Базарбай – қазақ эстрадасының 2000-жылдардағы қалыптасу кезеңінде өз қолтаңбасын қалдырған, тыңдарманға жылы үнімен және қарапайым болмысымен танылған өнер иесі.