Malim.kz
Әлем

«Әрекет етуге тура келеді». Трамп Зеленскийге ескерту жасады

Арман Қайыпхан
Фото: x.com/whitehouse

АҚШ президенті Дональд Трамп украиналық әріптесі Владимир Зеленскийді әрекет етуге шақырып, әйтпесе Ресеймен келіссөздерде «тамаша мүмкіндікті» жіберіп алуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы америкалық лидер 13 ақпан, жұма күні журналистерге мәлімдеді. Оның брифингінен үзінділер Ақ үйдің X әлеуметтік желісіндегі ресми Rapid Response 47 парақшасында жарияланған.

«Зеленский әрекет етуге тиіс. Ресей келісім жасағысы келеді, сондықтан Зеленский әрекет етуге тиіс — әйтпесе ол тамаша мүмкіндікті жіберіп алады. Ол әрекет етуі керек», — деді Трамп.

Бұған дейін Зеленский The Atlantic журналына берген сұхбатында «жаман бейбітшіліктен» гөрі соғыс қимылдарының жалғасуын құп көретінін айтқан.

Украина президенті халқын тиімсіз келісімді қабылдауға мәжбүрлегенше, келісімнен мүлде бас тартатынын атап өтті. Ол төрт жылға созылған ауқымды соғыстан кейін де күресті жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы майдандағы жағдайға қатысты пікір білдіріп, Украина жеңіліп жатқан жоқ екенін мәлімдеді.

Украина басшысы сондай-ақ, егер Трамп бітімгер ретіндегі беделін нығайтып, Конгрестегі аралық сайлауда жеңіске жету мүмкіндігін арттырғысы келсе, осы сәтті пайдаланып, Украинадағы соғысты тоқтатуы тиіс екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін хабарланғандай, Украина, Ресей және АҚШ делегацияларының келіссөздерінің жаңа кезеңі 17–18 ақпанда Женевада өтеді.

Politico басылымының мәліметінше, америкалық тарап бұл кездесуде ілгерілеуге қол жеткізуді көздеп отыр.

Сонымен қатар негізгі түйткіл мәселесі аумақтық мәселе болып қала береді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары