Malim.kz
Қоғам

«Архитектор» Алматының жасырын инженерлік мәселелерін көрсетті /видео/

Ереке Базарқұл
ФОТОЛАР? ©Алматы қаласының әкімдігі

Almaty TV телеарнасында урбанистика, жайлы қалалық орта қалыптастыру және Алматының сәулет мұрасын сақтау мәселелеріне арналған жаңа ақпараттық-ағартушылық «Архитектор» бағдарламасы эфирге шықты. Жоба қаладағы қайта жаңғырту үдерістерін, сәулетшілер мен инженерлердің жұмысының ерекшеліктерін және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған шешімдерді қарапайым әрі түсінікті форматта ұсынуды көздейді.

Бағдарламада сарапшылар мен сала мамандары тарихи ғимараттарды жаңарту төңірегіндегі қоғамда жиі талқыланатын сұрақтарға жауап береді. Жоба авторлары сырт көзге әсем көрінетін нысандардың өзінде күрделі инженерлік мәселелер болуы мүмкін екенін және оларды уақтылы шешпеу қауіпсіздікке қатер төндіретінін атап өтеді.

Бағдарламаның алғашқы шығарылымында мемлекет қорғауына алынған тарих және мәдениет ескерткіші — Қазақ мемлекеттік циркі көрсетілді. 1962–1972 жылдары салынған, 2160 көрерменге арналған ғимаратта соңғы күрделі жөндеу он жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген. Цирк директоры Мақсат Жайықовтың айтуынша, нысанға косметикалық емес, кешенді жаңғырту қажет. Ескірген инженерлік жүйелер мен жылу шығынының жоғары болуы, әсіресе, балалар үшін қолайсыздық туғызады.

Алматы қаласы Құрылыс басқармасы жүргізген тексеріс барысында инженерлік желілерде, шатыр мен конструктивтік элементтерде ақаулар анықталған. Бұл ғимаратты жаңғыртудың өзектілігін көрсетеді. Сонымен қатар жобада цирктің тарихи келбетін толық сақтау көзделген: қасбет, сәндік элементтер, фойедегі түпнұсқа еден жабындысы өзгеріссіз қалады. Жаңарту жұмыстары инженерлік коммуникацияларды, терезелерді, есіктерді және шатырды ауыстырумен шектеледі.

«Архитектор» жобасында білім беру нысандарының жай-күйіне де ерекше назар аударылған. Мәселен, 100 жылдан астам тарихы бар №90 мектеп-лицейі апатты деп танылған. Ғимараттың шамадан тыс жүктелуі мен кейбір құрылымдық бөліктерінің тозуы оқушылар қауіпсіздігіне қауіп төндіруде.

Ал №56 гимназияда жүргізіліп жатқан сейсмонығайту жұмыстары да бағдарламада кеңінен қамтылды. Қоғамдық пікірге қарамастан, мамандар барлық сәндік элементтер толық қалпына келтірілетінін мәлімдеді. Бұл ғимарат тарихи ескерткіш мәртебесіне ие болмаса да, сәулеттік құндылығы сақталады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, барлық қайта жаңғырту жұмыстары 2040 жылға дейінгі Алматының Бас жоспарына сәйкес және қатаң бақылаумен жүзеге асырылады. Сәулетшілердің айтуынша, қаладағы тарих және мәдениет ескерткіштері саналатын 162 нысан мемлекет қорғауында, ал жөндеу барысында олардың тарихи келбеті толық сақталады.

«Архитектор» бағдарламасы қаланың дамуы мен тарихи мұраны қорғау бір-біріне қарсы ұғым емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын үдерістер екенін көрсетуді мақсат етеді. Жобаның басты қағидаты — кәсіби тәсіл, ашық диалог және қауіпсіздікті бірінші орынға қою.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары