Malim.kz
Қоғам

Әскерге шақыру мен ант қабылдау рәсімі жаңа форматта өтеді

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда жастарды елдің негізгі құндылықтарына адал етіп тәрбиелеу стратегиялық міндет екенін айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Президенттің сөзінше, өскелең ұрпақ Тәуелсіздік пен Егемендікті, елдің аумақтық тұтастығын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, сондай-ақ Әділ, Құқықтық және Озық Қазақстан құру идеясын жүрекпен қабылдауы қажет.

"Алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр. Мемлекетіміздің басты құндылықтарын жете түсініп, жүрекпен қабылдайтын жастар тәрбиелеуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ол әскери қызметтің шынайы патриоттарды тәрбиелейтін маңызды мектепке айналуы тиіс екенін атап өтті. Осыған байланысты Президент әскери дәстүрлерді "Адал азамат – Сарбаз – Отан қорғаушы" қағидаты негізінде жаңғырту бастамасын қолдағанын мәлімдеді.

Енді әскерге шақыру, әскери ант қабылдау және әскери қызметтен босату рәсімдері мемлекеттік протокол талаптарына сай жаңа форматта, ерекше салтанатпен өткізілетін болады. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл шаралар аталған рәсімдердің маңызын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жастар арасында әскердің беделін көтеруге ықпал етеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары