Сәуірдің екінші жартысында Астана әуежайында ұшу кестесі өзгереді, деп хабарлайды Malim.kz.
Ұшу-қону жолағында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты күндізгі рейстердің бір бөлігі басқа уақытқа ауыстырылады.
Әуежайдың баспасөз қызметі 2026 жылғы 15 сәуір мен 31 мамыр аралығында әуе айлағында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін еске салды. Атап айтқанда, ұшу-қону жолағы күн сайын күндізгі уақытта жабылады.
Әуежай мәліметінше, жұмыстар күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін өтеді. Осы уақыт аралығында жолақ ұшақтарды қабылдау және ұшыру үшін уақытша қолжетімсіз болады.
«Осыған байланысты көрсетілген уақыт аралығына жоспарланған барлық рейстер алдын ала ертерек немесе кешірек уақытқа ауыстырылды», – деп түсіндірді баспасөз қызметі.
Әуежай жолаушыларға өзгерістерді ескеріп, ұшу уақытын алдын ала ресми сайттан немесе әуе компаниясынан нақтылауды ұсынды.
Кезек болмас үшін жолаушыларға әуежайға алдын ала келу ұсынылады:
- ішкі рейстер үшін – кемінде 2 сағат бұрын;
- халықаралық рейстер үшін – кемінде 3 сағат бұрын.
Баспасөз қызметі терминал мен жолаушыларға қызмет көрсету аймақтары әдеттегідей жұмыс істейтінін атап өтті.
Әуежай мәліметінше, жөндеу жұмыстары ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңарту мақсатында жүргізілуде. Жөндеу тек жолақ жабынын ғана емес, аэродром жүйесінің элементтерін, соның ішінде жарық сигналдық жабдықтарды да қамтиды.