Malim.kz
Қоғам

Астана мектептерінде жаңа мәзір: Оқушыларға ет беріле бастады

Арман Қайыпхан
Фото: deposit.photos

1 сәуірден бастап Астана мектептерінде оқушылар жаңартылған мәзір бойынша тамақтана бастады, деп хабарлайды Malim.kz.

Жаңа ас мәзірі заманауи талаптарға сай әзірленген. Оны құрастыру кезінде балалардың жас ерекшеліктері, тамақтану мамандарының ұсынымдары және Қазақ тағамтану академиясы сарапшыларының пікірлері ескерілген.

Мәзірдің басты ерекшелігі – оның пайдалы әрі алуан түрлі болуы. Оқушылардың рационына ет, балық, құс еті, сүт өнімдері, сондай-ақ жаңа піскен көкөністер мен жеміс-жидектер көбірек енгізілген.

Сонымен қатар денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін өнімдер мәзірден алынып тасталды. Олардың қатарында шұжық өнімдері, фастфуд, қант қосылған сусындар, спредтер және консерванттары бар тағамдар бар. Енді балаларға табиғи өнімдерден дайындалған ыстық ас пен тұтас дәнді жармалар ұсынылады.

Тағы бір жаңашылдық – ұлттық мәзірдің енгізілуі. Енді аптасына бір рет оқушыларға қазақтың дәстүрлі тағамы – ет беріледі. Бұл олардың ұлттық асханамен жақынырақ танысуына мүмкіндік береді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары