Malim.kz
Қоғам

Астана мен Алматыда Отан соғысының ардагерлеріне төлемақы берілді

Сабина Асқарқызы
Ашық дереккөзден

Елімізде 9 мамыр – Жеңіс күніне орай Астана және Алматы қалаларында Отан соғысы ардагерлеріне біржолғы әлеуметтік төлемдер берілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Астанада бұл төлемдерді 3398 адам алған. Қала әкімдігінің мәліметінше, төлем мөлшері 64 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін болды. Ең жоғары – 5 миллион теңгені Ұлы Отан соғысының бір ардагері алған. Сондай-ақ, 476 адамға (жеңілдіктері теңестірілгендер) және 1167 өзге елдердегі соғыс ардагерлеріне 45 айлық есептік көрсеткіш (194 625 теңге) көлемінде төлем берілді. Ал 1753 адам, оның ішінде тыл еңбеккерлері мен қаза тапқан әскери қызметкерлердің отбасылары 15 айлық есептік көрсеткіш (64 875 теңге) алды. Бұдан бөлек, ардагерлерге тегін жол жүру, шипажайда емделу, дәрі-дәрмекпен қамту және коммуналдық қызметтерге өтемақы сияқты қосымша қолдау көрсетіледі.

Ал Алматыда Ұлы Отан соғысының 15 ардагеріне 5 миллион теңгеден төленді. Қала әкімдігінің хабарлауынша, бұл қаражат 2026 жылдың сәуір айында толық көлемде алдын ала берілген.

Жалпы, екі мегаполисте де ардагерлерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары сақталып, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылып жатқаны айтылды. 

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары