Malim.kz
Қоғам

Астанада автобуспен жүру ақысы өзгереді: Жаңа тарифтер бекітілді

• Мадияр Қапанбек
Фото: Астана әкімдігі

Астанада қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының жаңа сараланған тарифтері бекітілді. Жолаушы төлейтін сома маршрут түрі мен төлем тәсіліне байланысты болады, деп хабарлайды Malim.kz.

Қала әкімдігі қабылдаған қаулыға сәйкес, кәдімгі қалалық автобуста қолма-қол ақшасыз төлем жасаған кезде жолақы 150 теңге болады.

Ал жедел қалалық маршруттарда электронды төлем арқылы жүру құны 300 теңге болып белгіленген.

Әлеуметтік маңызы бар тұрақты маршруттарда да қолма-қол ақшасыз төлем кезінде тариф 150 теңге болады.

Қолма-қол төлегенде жолақы қымбат

Қалалық автобуста жолақыны қолма-қол ақшамен төлейтін жолаушылар 300 теңге төлейді.

Ал жедел маршруттарда қолма-қол төлем жасаған жағдайда жолақы 400 теңгеге дейін жетеді.

Әлеуметтік маңызы бар маршруттарда қолма-қол есеп айырысу құны да 300 теңге болады.

Қала маңындағы автобустарда тариф қалай есептеледі?

Қала маңындағы бағыттарда төлем жүрген қашықтыққа байланысты есептеледі.

Қолма-қол ақшасыз төлем кезінде әр километр үшін 13 теңге, ал қолма-қол төлеген жағдайда 19 теңге алынады.

Жеңілдік картасын пайдаланатын азаматтар үшін әлеуметтік маңызы бар тұрақты маршруттарда жол жүру ақысы 0 теңге болып қалады.

Электронды төлем жүйесі істемесе, тегін жүруге болады

Қаулыда электронды жолақы төлеу жүйесі істен шыққан жағдайда жолаушыға қатысты арнайы норма да қарастырылған.

"Электрондық жолақы төлеу жүйесі жарамсыз болған жағдайда электрондық жол жүру құжаты немесе электрондық төлемнің қосымша қызметтері арқылы төлемді жүзеге асыратын жолаушы тегін жол жүруді пайдаланады", – делінген құжатта.

Осылайша, Астанада автобуста жүру құны төлем тәсіліне қарай айтарлықтай ерекшеленеді: кәдімгі маршрутта электронды төлем 150 теңге болса, жедел автобуста қолма-қол төлем 400 теңгеге дейін барады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары