Malim.kz
Қоғам

Астанада ерекше күтімді қажет ететін оқушыны қатарластары соққыға жыққан

Арман Қайыпхан
Фото: magnific.com

Астанада психикалық және сөйлеу дамуы тежелген мектеп оқушысы соққыға жығылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға сабақтан кейін болған.

Жасөспірімнің анасының айтуынша, мектептен шыққан баланы сегіз оқушы күтіп тұрған. Олардың бірі баланы артынан келіп тұншықтырып, ұра бастаған. Нәтижесінде оқушыға 15-тен астам соққы жасалған.

Әйелдің сөзінше, кейбір оқушылар төбелеске араласпағанымен, болған жағдайды бақылап, телефонға түсіріп тұрған. Ал жанжалға баланың қатарластарымен сөйлесу кезінде айтқан әзілі себеп болуы мүмкін екені айтылды.

Қазіргі таңда оқушының жағдайы жақсарған. Анасы әлеуметтік желі қолданушыларына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Есіл аудандық полиция басқармасы кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі мен ата-аналардың қатысуымен профилактикалық кеңес өткізіліп, мұндай жағдайлардың алдын алу шаралары қаралған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары