Malim.kz
Қоғам

Астанада еріктілер рұқсатсыз салынған граффитилерді бояды

Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz | Әшірбекова Алуа

Астананың Сарыарқа ауданында "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында "Антивандал" акциясы өтті. Оны "Астана жастары" жастар ресурстық орталығы Сарыарқа ауданы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Еріктілер Мұхтар Әуезов көшесіндегі скейт-парк маңында рұқсатсыз салынған граффити мен жазуларды бояп, аумақты ретке келтіруге атсалысты, деп хабарлайды Malim.kz. 

Орталықтың құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Дәуіржан Жұмаханның айтуынша, мұндай акциялар 2024 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл орталық 357 акция ұйымдастырған.

"Жүргізген мониторингіміз бойынша қаладағы граффитилердің шамамен 70 пайызы Сарыарқа ауданында тіркелген. Сондықтан бұл жолы осы ауданды таңдадық. Қаламыздың көрікті болғанын қалаймыз және қоғамдық орындарға зиян келтіруге қарсымыз", – деді ол.


Акцияға қатысқан ерікті Дарья Олейникова аялдамалардағы, ғимарат қабырғалары мен орындықтардағы жазулар қаланың келбетін бұзатынын айтты.

"Мұндай акцияларға қуана қатысамын. Қала тазарып, көркейе түседі. Жастардың да ортақ іске белсенді араласқаны жақсы", – деді ерікті.

Акция қала тазалығын сақтауға, қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарауға және жастарды пайдалы іске тартуға бағытталған.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары