Астана қаласында Нұра ауданындағы Күлтегін көшесінде орналасқан он қабатты тұрғын үйде өрт шықты, деп хабарлайды Malim.kz төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.
Тілсіз жау кіреберістегі электр қалқаншасы өртенуі салдарынан туындап, маңайға қою түтін тараған.
«Оқиға орнына дереу өрт сөндіру оқпандары беріліп, өртті толық сөндіру үшін барлық шаралар қабылдануда. Су үздіксіз жеткізілуде. Тұрғындарды эвакуациялау жүргізіліп жатыр», - деп хабарлады ТЖМ.
ТЖМ мәліметінше, сағат 21:52-де өрт толық сөндірілген көрінеді. Министрліктің дерегінше, өрт электр қалқаншасының шахтасында бірінші қабаттан оныншы қабатқа дейін тарады.
Өрт сөндірушілер автосатының көмегімен үш баланы құтқарды. Сондай-ақ баспалдақ арқылы құтқару қалпақтарын пайдаланып, тағы екі адам (оның бірі бала) құтқарылған.
Еске салсақ, 12 сәуірге қараған түні тағы бір өрт салдарынан үш бала қаза тапқан еді. Өрт Түркістан көшесіндегі көпқабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерде болған. ТЖД қызметкерлері бір әйелді құтқарып, ол ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.