Malim.kz
Қоғам

Астанада LRT 16-17 мамырда жолаушыларды тасымалдауға көшеді

Айбын Атабай
Астана әкімдігі

Астана LRT-ның тұрақты жолаушылар тасымалы осы демалыс күндері, 16-17 мамырда басталады. Бұл туралы бүгін журналистерге "City Transportation Systems" компаниясының басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев мәлімдеді. 

"Ашылуы осы демалыс күндеріне жоспарланған. Иә, нақты", - деді Дүйсебаев бүгін Астана LRT нысанына жасалған экскурсия кезінде журналистерге.

Айта кетейік, LRT-ны сынақтан өткізу 2025 жылдың 29 қыркүйегінде басталған және ол кемінде 6 айға созылуы тиіс еді. Бұған дейін CTS пойыздардың сағатына 40–50 шақырым жылдамдықпен қатынайтынын, "Нұрлы жол" станциясынан әуежайға дейінгі жол шамамен 40 минутты алатынын, ал қозғалыс аралығы учаскеге байланысты 5 минуттан 10 минутқа дейін болатынын мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, LRT бағыты елорданың маңызды нүктелерін байланыстырады. Желі халықаралық әуежайдан басталып (сол жерде пойыздарға қызмет көрсетуге арналған депо салынды), "Нұрлы жол" вокзалына дейін барады. Жол бойында қаланың басты іскерлік орталықтары мен тұрғын аудандары арқылы өтетін барлығы 18 станция бар.  

"Астана LRT" станциялары: 101 - "Әуежай"; 102 - "Атамекен"; 103 - "Есіл"; 104 - "Мәңгілік ел"; 105 - "Астана жұлдызы"; 106 - "Нұра"; 107 - "Университет"; 108 - "Ұлы дала"; 109 - "Астана Арена"; 110 - "Жекпе-жек сарайы"; 111 - "Сығанақ"; 112 - "Бәйтерек"; 113 - "Министрліктер үйі"; 114 - "Ұлттық музей"; 115 - "Театр"; 116 - "Мыңжылдық аллеясы"; 117 - "Жібек жолы"; 118 - "Нұрлы жол".

Болашақта қала билігі желіні қала маңындағы Қосшыға дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Жобаның екінші кезеңіне дайындық басталып та кетті - жақында эстакаданың жаңа учаскесі үшін алғашқы темірбетон арқалығы құйылған.  

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары