Malim.kz
Қоғам

Астанада өрт кезінде үш баласынан айырылған әйел есін жиды

Сабина Асқарқызы
Бейнежазбадан скриншот

Астанада тұрғын үйдегі өрт салдарынан балаларынан айырылған әйел есін жиды. Қазіргі уақытта ол дәрігерлердің бақылауында жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын әлі де ауыр деп бағалап отыр, деп хабарлайды Malim.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Медицина қызметкерлерінің мәліметінше, зардап шеккен әйел жетінші тәуліктен бері қарқынды ем қабылдап жатыр. Дәрігерлер оның ағзасының негізгі өмірлік функцияларын қолдап, жағдайының динамикасын бақылауда. 

Аурухана өкілдерінің хабарлауынша, жағдайының ауырлығы күйік жарақаттары, тыныс алу жолдарының зақымдануы және уланумен байланысты. Қазіргі таңда науқас есін жиған, дәрігерлердің нұсқауларына жауап береді. Әйелдің тыныс алуы жасанды тыныс алу аппараты арқылы қамтамасыз етілуде.

Дәрігерлер жүрек жұмысы мен артериялық қысымының тұрақты екенін атап өтті. Ал науқастың психологиялық жағдайы туралы ақпарат әзірге нақтыланбады. Өрт 12 сәуірге қараған түні Астананың Есіл ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Тілсіз жау көпқабатты үйдің 15-қабатындағы пәтерден шыққан.

Өртті сөндіру оңай болмады - құтқарушылар біраз уақыт бойы үйге жақындай алмады, себебі аула көліктермен толып тұрған. Пәтерде ашық жалын болған, өрт сөндірушілер тек әйелді ғана құтқарып үлгерген. Кейін оқиға орнынан үш баланың мәйіті табылды. Сонымен қатар, ТЖМ күштері тұрғын үй кешенінен 20 адамды эвакуациялады.

Сабина Асқарқызы
Автордың басқа материалдары