Елордада көпқабатты тұрғын үй кешендерінің заңсыз құрылысы тоқтатылды. Бұл туралы қала прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Прокурорлар сәулет басқармасы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы және «Астана Генплан» мекемесімен бірлескен тексеру барысында елордадағы құрылыс алаңдарында өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған.
Атап айтқанда, Шыңғыс Айтматов көшесі бойындағы 24/8 учаскесіне жақын жерде кіріктірілген нысандары мен автотұрағы бар көпқабатты тұрғын үй кешені салынып жатқан.
Тексеру нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмыстары сараптаманың оң қорытындысынсыз және жұмыстардың басталғаны туралы хабарламасыз жүргізілгені белгілі болды.
Осыған ұқсас кіріктірілген нысандары, медициналық орталығы және автотұрағы бар тағы бір тұрғын үй кешені Шыңғыс Айтматов көшесі мен Е164 көшесінің қиылысында бой көтерген.
Прокуратура мәліметінше, бұл құрылыс жер теліміне тиісті құқықсыз, жобалық-сметалық құжаттамасыз, құрылыс-монтаж жұмыстарының басталғаны туралы хабарламасыз және сараптама қорытындысынсыз жүргізілген.
Қадағалау органы қала құрылысы саласындағы тәртіпті қамтамасыз ету жұмыстары тұрақты бақылауда екенін атап өтті. Әсіресе, жұмысты тоқтату туралы ескерту алғанымен, заң талаптарын елемеген құрылыс компанияларына ерекше назар аударылуда.
«Елорда прокуратурасы сәулет және қала құрылысы саласындағы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік бар екенін еске салып, құрылыс салушыларды белгіленген талаптар мен нормаларды қатаң сақтауға шақырады», – делінген хабарламада.