Malim.kz
Қоғам

Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы қорытындыланды

Айбын Атабай

Елордада Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылауға арналған салтанатты іс-шара басталды. Бұл жиын жұмысшы мамандық иелерінің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесін көрсетуге, еңбектің беделін арттыруға арналған маңызды алаңға айналды.

 ҚР Премьер-Министрінің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева
бір жыл бойы жұмысшы мамандардың беделін арттыруға, кадр даярлау жұмысын дамытуға, білім беру мен экономиканың нақты секторы арасындағы байланысты нығайтуға ерекше назар аударылғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында адал әрі білікті еңбеккерлердің беделін арттыру қажеттігін атап өтті.

— Жұмысшы мамандықтар жылы — бір жылдық бастама емес, ұзақ мерзімді стратегиялық маңызы зор бастама. Бүгінде ел экономикасында жұмыспен қамтылғандардың 3,3 млн адамы жұмысшы мамандықтар бойынша еңбек етуде. Олар екі мыңға жуық түрлі техникалық кәсіптерді қамтып отыр. Колледждерді, жоғары оқу орындарын, экономиканың нақты секторындағы кәсіптерді, бизнес қоғамдастықты, цифрлық платформалар мен әлеуметтік саланы біріктіретін кәсіптік кадрларды даярлайтын тұтас экожүйе қалыптасты, — деді А. Балаева елордада Конгресс орталықта.

Биыл маңызды әрі негізгі басымдықтардың бірі ретінде жастарға ерекше назар аударылып отыр. Жұмысшы маман ретінде еңбекпен қамтылған жастар саны 1,2 миллионға жеткен.

— Жұмысшы кәсіптер ішінде кең танымал мамандықтар бар. Мәселен ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фермерлер 57 мың, дәнекерлеуші 25 мыңнан астам, автокөлік құралдарын жөндеушілер мен слесарьлар — 16 мың. Бұл бір бөлігі ғана. Төрт мыңға жуық кәсіпорын болашақ мамандарға арналған ашық есік күндерін өткізді. Оған 113 мыңнан астам оқушы мен студент қатысты, — деді Аида Балаева.

Сонымен бірге, жоғары кәсібилігі, еңбек жетістіктері және ел экономикасының дамуына қосқан үлесі үшін «Еңбек жолы» республикалық конкурсының жеңімпаздары марапатталды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары