Malim.kz
Қоғам

Астанадағы фельдшердің қазасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды

Арман Қайыпхан
Фото: әлеуметтік желі

Астанада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптама опырылғаннан кейін, құтқару жұмыстарына барған фельдшердің үстіне ауыр зат құлап, ауруханада көз жұмған еді, деп хабарлайды Malim.kz aikyn.kz-ке сілтеме жасап.

Аталған оқиғаға байланысты екі бірдей қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді.

«Бүгінде екі қылмыстық іс қозғалды. Біріншісі – сапасыз құрылыс фактісі бойынша, екіншісі – адамдардың өміріне қауіп төндірген қызмет көрсету дерегі бойынша. Бұл жағдайда қаза тапқан фельдшер туралы сөз болып отыр. Қазіргі уақытта Әділет министрлігінің сарапшылары сот-медициналық сараптамалар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Астана қаласының әкімдігі тиісті министрлікпен бірлесіп, арнайы тергеу жұмыстарын қолға алды. Жақын арада тергеу актісі дайын болады. Осы іс бойынша қосымша ақпарат міндетті түрде жария етіледі», – дейді Әділов Мәжіліс кулуарында сөйлеген сөзінде.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында Астанада болған. Тұрғын үй кешенінің сыртқы қабырғасындағы кірпіш қаптама опырылып, оның астында қалған тұрғындарға көмекке келген жедел жәрдем қызметі фельдшерінің үстіне ауыр зат құлаған делінеді. Жарақат алған 23 жастағы келіншек ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілгенімен, өкінішке қарай, 12 күннен кейін көз жұмды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары