Malim.kz
Қоғам

Астанадағы LRT-де ертеңнен бастап жаңа тарифтер енгізіледі

Айгүл Таңатар
kolesa.kz

1 тамыздан бастап Астанадағы "Tarlan Astana" жеңіл рельсті көлік желісінде кеңейтілген тарифтік жүйе күшіне енеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы мәлімдеді. Бір реттік жол жүру құны бұрынғыдай 200 теңге болып қала береді, алайда жолаушыларға мерзімдік жол жүру билеттері мен белгіленген сапар санына арналған пакеттер ұсынылады.

Жаңа тарифтерге сәйкес, 
1 күндік жол жүру билеті – 500 теңге;
3 күндік – 1500 теңге;
5 күндік – 2500 теңге; 
10 күндік – 4000 теңге;
15 күндік – 5000 теңге;
1 айлық – 7500 теңге 
3 айлық жол жүру құны 20 мың теңге болады. Сонымен қатар, 5 сапар – 900 теңге, 10 сапар – 1800 теңге, 20 сапар – 3500 теңге, 30 сапар – 5000 теңге болатын арнайы пакеттер де енгізіледі.

CTS мәліметінше, айлық жол жүру билеті айдың 15-іне дейін сатып алынса, сол айдың соңына дейін жарамды болады. Ал 15-інен кейін алынған айлық тариф келесі айдың бірінші күнінен бастап іске қосылады. Күндік билеттер мен сапар пакеттері алғашқы валидациядан кейін белсендіріледі: күндік тарифтер сол күннің соңына дейін, ал пакеттер сатып алынған сапар саны толық пайдаланылғанша жарамды.

Жол жүру билеттерін "Tarlan Astana" станцияларындағы кассалардан сатып алуға болады. Олар көлік картасына жазылады, ал картадағы теңгерімді кассалар мен терминалдар арқылы тексеруге мүмкіндік бар. Компания жоғалған көлік картасындағы белсендірілген тарифтер қалпына келтірілмейтінін ескертті. Сондай-ақ қазіргі тарифтер әзірге тек LRT желісінде қолданылады. Бірақ оларды алдағы уақытта Астана қаласының автобус жүйесімен біріктіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары