Malim.kz
Қоғам

Астанадағы қоқыс полигонындағы ірі өрт үшінші күн қатарынан сөндіріліп жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: ТЖМ

Астанада 10 шілдеге қараған түні тұтанған қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары үшінші тәулік бойы тәулік бойы жалғасып жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.

ТЖМ мәліметінше, Байқоңыр ауданындағы полигонда өртті тиімді сөндіру үшін екі учаске ұйымдастырылып, негізгі күштер мен техникалар сол жерлерге шоғырландырылған.

Сонымен қатар, өрт ошақтарын оқшаулап, жалынның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында полигон аумағы инертті материалмен жабылып жатыр. Қазіргі уақытта полигонға шамамен 14,85 мың тонна инертті материал жеткізілген.

Өртті сөндіру жұмыстары қою түтінге, қалдықтардың тұрақсыз әрі борпылдақ болуына байланысты қиындауда. Бұл арнайы техниканың қозғалысын және ірі көліктердің маневр жасауын шектеп отыр. Су үздіксіз өрт сөндіру автоцистерналары мен гидранттан су тасымалдайтын арнайы көліктер арқылы жеткізілуде.

Өртті сөндіруге ТЖД мен жергілікті атқарушы органдардың 120-ға жуық қызметкері және 150 бірлік техникасы жұмылдырылған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары