Malim.kz
Қоғам

Астанадағы тұрғын үй апаты: екі адам жансақтау бөлімінде жатыр

Арман Қайыпхан
Фото: freepik.com

Астанада тұрғын үйдің сыртқы қабырғасы мен кондиционер орнатылған бөлігі опырылып, бес адам зардап шекті, деп хабарлайды Malim.kz.

Олардың екеуі жансақтау бөлімінде, үшеуі — профильдік бөлімшелерде ем қабылдап жатыр.

Қала әкімдігінің мәліметінше, зардап шеккендердің екеуі – еңбек міндетін атқару кезінде жарақат алған фельдшерлер. Олардың бірі ауыр халде жансақтау бөлімінде, екіншісі нейрохирургия бөлімінде, жағдайы орташа деп бағаланған.

Барлық науқастар №1 көпсалалы ауруханаға жеткізілген, дәрігерлер бақылауында қажетті ем алып жатыр.

Әкімдік әлеуметтік желілерде тараған «фельдшерлердің жарақаты өндірістік жарақат ретінде танылмады» деген ақпаратты жоққа шығарды. Бұл жағдай ресми түрде өндірістік жарақат ретінде тіркелген.

Оқиға бойынша полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Сонымен қатар Еңбек кодексінің 188-бабына сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекторы еңбек жағдайын тексеруде.

Еске салайық, 8 қараша күні Алматы ауданындағы Тәуелсіздік даңғылы, 24Б мекенжайында тоғыз қабатты үйдің сыртқы кірпіш қабырғасы мен кондиционер орнатылған бөлігі құлап, бірнеше адам жарақат алған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары