Қазақ өнерінің абызы, марқұм Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова әлеуметтік желіде ұлы Асанәлінің кәмелет жасына толуына орай жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды Malim.kz.
Актрисаның айтуынша, ұлы биыл 18 жасқа толып, әкесінің жолын жалғар азамат болып қалыптасып келеді. Осы қуанышты сәтті ол өмірден өткен жұбайын еске алумен байланыстырған.
"Асылымның тұяғы, әкесінің ізбасары, кіші Асекең бүгін 18 жас – кәмелетке толды. Балапаным, өмір жасың ұзақ болсын. Алланың назарында бол, балам. Асқар тау әкең сенің жігіт болғаныңа, ат жалын тартып мінгеніңді аңсайтын… Армандарың орындалсын. Әкеңнің әруағы әрдайым қолдасын", – деп жазды Бағдат Әшімова.
Желі қолданушылары жас жігітке ақжарма тілектерін арнап, марқұм актердің рухына құрмет көрсетті.
Айта кетейік, Асанәлі Әшімов 2025 жылғы 21 желтоқсанда 88 жасында дүниеден өтті. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі атанған сахна саңлағы ұлттық театр мен кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосты.
1937 жылдың 8 мамырында Жамбыл облысында дүниеге келген өнер иесі шығармашылық жолын Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында бастап, актер ғана емес, режиссер, сценарист әрі ұлағатты ұстаз ретінде де ел есінде қалды.
Асанәлі Әшімов "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" секілді көрнекті кинотуындылардағы рөлдері арқылы қазақ киносының алтын қорына енді. Оның жарқын бейнесі мен бай шығармашылық мұрасы ұлттық мәдениет тарихында мәңгі сақталары сөзсіз.