Malim.kz
Қоғам

"Атамды сағындым": Назарбаевтың шөбересі шетелге шығып, атасының зиратына барып келген (ФОТО)

Мадияр Қапанбек
Arasha.kz коллажы

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шөбересі Лора Әлиева TikTok әлеуметтік желісінде белсенділік танытып, жеке контент жариялай бастады, деп хабарлайды Malim.kz.

Лора – Назарбаевтың үлкен немересі Нұралы Әлиевтің қызы. Ал Нұралы Әлиев – Дариға Назарбаеваның ұлы және марқұм Рахат Әлиевтің баласы.

Желіде тараған видеоларының бірінде Лора марқұм атасын сағынышпен еске алған. Ол "Атамды сағындым. Венаға барып келейін" деп жазып, Австрия астанасында түсірілген кадрларды жариялаған. Бейнежазбада Венадағы зираттардың бірінде жерленген Рахат Әлиевтің қабірі де көрінеді.

Жарияланымдар әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылануда. Бірі оны отбасылық естелік ретінде қабылдаса, енді бірі танымал әулет өкілінің желідегі белсенділігіне назар аударған.

Рахат Әлиев: қызмет жолы мен тағдыры

Рахат Мұхтарұлы Әлиев (1962-2015) – қазақстандық мемлекеттік қайраткер, дипломат, кәсіпкер, заңгер. Медицина және экономика ғылымдарының докторы болған.

Ол әр жылдары салық полициясы құрылымында, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Президент күзет қызметінде қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақстанның Аустриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, Вена қаласындағы халықаралық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болған.

2005-2007 жылдары Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарды. Сонымен бірге Қазақстан футбол федерациясын басқарған кезеңі де бар.

2007 жылы оған ауыр қылмыстық айыптар тағылып, қызметінен босатылды және халықаралық іздеу жарияланды. Кейін Австрияның Вена қаласында 2015 жылы қайтыс болды.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары