Malim.kz
Құқық

Атырауда бойжеткенді азаптап, видеоға түсірген ер адам жазаланды

Айбын Атабай
видеодан скриншот

Атырауда 19 жастағы бойжеткенді азаптады деген күдікпен 21 жастағы жігіт қолға түсті, деп хабарлайды «Мой Город».

«Атырауда 19 жастағы бойжеткенді азаптады деген күдікпен 21 жастағы ер адам ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша, 8 наурыз күні таңертең болған оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жас жігіт бірнеше сағат бойы бойжеткенді соққыға жығып, пышақ жарақаттарын салған және болған жайтты видеоға түсірген. Жазбалардың бір бөлігін ол сторис пен Telegram мессенджерінде жариялағаны хабарлануда», - делінген хабарламада.

Атырау облыстық полиция департаменті тергеу ҚР ҚК 110-бабы (Қинау) бойынша жүргізіліп жатқанын хабарлады. Күдіктінің жеке басы анықталып, қажетті сот сараптамалары тағайындалды.

Сонымен қатар, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2026 жылғы 9 наурыздағы шешімімен ер адам ұсақ бұзақылық жасағаны және қоғамдық орындарда мас күйінде болғаны үшін кінәлі деп танылды. Оған 30 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

ҚР ҚІЖК 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайды.

«Өңірлік денсаулық сақтау басқармасы хабарлағандай, 8 наурызда 19 жастағы бойжеткен Атырау облыстық ауруханасының травматологиялық пунктіне жеткізілген. Тексеру кезінде дәрігерлер оның қолдарында, аяқтарында және бетінде жеңіл жарақаттар барын анықтады. Медициналық көмек көрсетілгеннен кейін ол амбулаториялық емделуге жіберілді, пациенттің жағдайы қанағаттанарлық деп бағалануда», - деп толықтырды басылым.

Кеше Атырауда 19 жастағы қызға жасалған қатыгез шабуыл бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын жаздық. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары