Malim.kz
Қоғам

Атырау облысында Теңіз вахталық кентінен 27 шетел азаматы шығарылды

Арман Қайыпхан
Фото: polisia.kz

Атырау облысындағы Теңіз вахталық кентінде жүргізілген тексеру нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзған 27 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, рейд барысында шетел азаматтарының елде болу тәртібін сақтау деңгейі тексерілген. Іс-шаралар көші-қон заңнамасын бұзу фактілерін анықтауға бағытталды.

Тексеру қорытындысы бойынша бірқатар азаматтың Қазақстанда заңсыз жүргені анықталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 517-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылып, елден шығару туралы шешім қабылданды. Құжаттар Жылыой аудандық сотына жолданды.

Сонымен қатар, шетел азаматтарына және оларды қабылдаушы тарапқа елде болу мерзімдері мен талаптарын сақтау, сондай-ақ заң бұзған жағдайда жауапкершілік қарастырылатыны түсіндірілді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары