Malim.kz
Қоғам

Атырау облысындағы отбасының өліміне қатысы бар күдікті ұсталды

Арман Қайыпхан
Фото: Polisia.kz

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері шетелдік әріптестермен өзара іс-қимыл нәтижесінде Индонезия Республикасының Ломбок аралындағы Сенару ауылында аса ауыр қылмыс жасады деп күдікке ілінген ер адамды ұстады. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша күдікке алынған, деп хабарлайды Malim.kz.

Онымен бірге бұған дейін "хабар-ошарсыз кетті" деп халықаралық іздеуге болған жұбайы да табылды.

Тергеу деректеріне сәйкес, 2025 жылғы қараша айында Атырау облысында күдікті ұзаққа созылған тұрмыстық жанжал мен пайдакүнемдік ниет негізінде екі адамды қасақана өлтіруді алдын ала жоспарлап, жүзеге асырған.

Қылмысты жасағаннан кейін ізін жасыру мақсатында мәйіттерді сарайдың астына көміп, қан іздерін жойған, сондай-ақ жәбірленушілердің мүлкі мен қаражатын иемденген. Қазіргі кезде оларды Қазақстан Республикасына депортациялау мәселесі қарастырылып жатыр, - делінген ІІМ мәлімдемесінде.

Еске сала кетейік, қаңтар айының басында Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның мәйіттері өз үйлерінің ауласындағы шаруашылық нысанынан шамамен бір метр тереңдіктен табылған еді. Ал олардың балалары – Мейрамгүл Мұқанғалиева мен Наурыз Мұқанғалиев әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалған.

Тергеу деректеріне сәйкес, оқиға алдында белгісіз адам ұлдарының атынан «ата-анамды Ташкентке емдетуге апарамын» деген желеумен ұсақ малды сата бастаған. Туыстары күмәнданып, ірі қараны сатуға жол бермеген.

Сонымен қатар тергеу барысында Ақбаян Мұқанғалиева мен оның күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиевтің Шымкентке ұшып, кейін Өзбекстан шекарасынан өткені анықталған. Кей мәліметтерге сүйенсек, олар бұл елде де ұзақ тұрақтамаған.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары