Malim.kz
Қоғам

Атырау облысындағы қанды қылмыс: күдікті кінәсін мойындады, іс сотқа жолданады

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында бір отбасының төрт мүшесінің қаза табуына байланысты қозғалған резонанстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды, деп хабарлайды Malim.kz Ақжайық басылымына сілтеме жасап.

Негізгі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев өз кінәсін толық мойындап, қазір Атырау қаласындағы тергеу изоляторында сотты күтіп отыр.

Дереккөздердің мәліметінше, айыпталушы қылмыстық іс материалдарымен толық танысып, төрт адамды өлтіру фактісі бойынша мойындау көрсетпелерін берген.

Сәрсемәлиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 1-тармағы («екі немесе одан да көп адамды өлтіру») бойынша айып тағылды. Сонымен қатар тергеу барысында ҚК-нің 188-бабы («ұрлық») және 190-бабы («алаяқтық») бойынша қосымша істер тіркелген. Әңгіме қаза тапқан отбасының малын сату және олардың банк карталарынан қаражат жымқыру деректері туралы болып отыр.

Барлық тергеу әрекеттері аяқталып, іс толық дайын. Жақын арада материалдар сотқа жолданады. Сот процесі осы айда басталуы мүмкін.

Бұған дейін Атырау облысының прокуратурасы Сұлтан Сәрсемәлиевке жүргізілген психологиялық-психиатриялық сараптама нәтижесінде оның толық есі дұрыс деп танылғанын хабарлаған. Бұл оның заң аясында толық жауапкершілікке тартылатынын білдіреді.

Айыптардың ауырлығын ескере отырып, оған өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстарының айтуынша, отбасы қарашадан бері байланысқа шықпаған. Төртеуіне де жоғалып кеткен адамдар ретінде іздеу жарияланды. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру басталып, жедел тергеу тобы құрылды.

6 қаңтарда ерлі-зайыпты сарайдың ішінен өлі табылды. 8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, марқұмдардың балаларын іздеу жұмыстары жалғасты. Кейін олар да өлі табылды.

Қылмыс жасады деген күдікпен 29 жастағы ер адамға, яғни осы отбасының бұрынғы күйеу баласына халықаралық іздеу жарияланды. Онымен бірге ерлі-зайыптының кіші қызына да халықаралық іздеу жарияланды. Бұрын ол күдіктімен некеде тұрған.

Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелді. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысы Полиция департаменті жүргізді.

24 ақпанда ҚР ІІМ Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктіні және марқұмдардың кіші қызы Индонезияда ұстағалды. Марқұмдардың қызы да күдікті ретінде танылды. 

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары