Malim.kz
Қоғам

Атырауда браконьерлікке қарсы операция: жеті іс сотқа дейін жетті

Арман Қайыпхан
Фото: ІІМ

Атырау облысында бекіре тұқымдас балықтардың заңсыз айналымына қарсы бақылау күшейтілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өңірде браконьерлік пен заңсыз балық өнімдерінің таралуына тосқауыл қою мақсатында «Бекіре–2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Соңғы рейдтер барысында полицейлер заңсыз айналымнан 4 тоннадан астам балық өнімін тәркіледі. Оның ішінде 911 келіден астам бекіре тұқымдас балық және шамамен 1 келі бекіре уылдырығы анықталған.

Тәркіленген өнімдер Орал-Атырау бекіре балық өсіру зауытына тапсырылды.

Жедел-профилактикалық шара басталғалы заңсыз балық аулау, сақтау, тасымалдау және өткізуге қатысты 152 құқық бұзушылық тіркелген. Қазіргі уақытта жеті қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар заңсыз аулауға арналған 19 құрал мен құқыққа қайшы әрекетте қолданылуы мүмкін 10 жүзу құралы тәркіленді.

Полиция өкілдері уәкілетті органдармен бірлесіп, тұрғындар мен балық шаруашылығы субъектілері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Азаматтарға табиғатты қорғау заңнамасының талаптары және балық өнімдерін заңсыз аулағаны мен өткізгені үшін қарастырылған жауапкершілік жөнінде ақпарат беріліп жатыр.

Құқық қорғау органдары бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Негізгі мақсат – экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алып, табиғи ресурстарды сақтау.

Сондай-ақ полиция тұрғындарды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарап, заңсыз балық аулау деректері туралы дер кезінде хабарлауға шақырды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары