Malim.kz
Қоғам

Атырауда мектеп кіреберісінде оқушылар жаппай сығылысып, бірін-бірі таптап кете жаздады

Мадияр Қапанбек
Видеодан кадр: "Информбюро" бағдарламасы

Атыраудағы мектептердің бірінде ауысым кезінде оқушылар кіреберісте жаппай жиналып, балалардың бір-бірін таптап кету қаупі туындаған. Оқиға түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады, деп Malim.kz тілшісі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Кадрлардан бірінші ауысымда оқыған балалардың мектептен шыға алмай тұрғанын, ал екінші ауысым оқушыларының ғимаратқа кіруге ұмтылғанын көруге болады. Көпшіліктің арасында әсіресе бастауыш сынып оқушыларының қозғалысы қиындаған.

Оқиғадан кейін ата-аналар балалардың қауіпсіздігіне алаңдап, мектептегі ұйымдастыру жұмыстарына қатысты наразылық білдірген.

Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова жағдайға түсініктеме берді. Оның айтуынша, оқушылардың сол сәтте көп жиналуына мектептегі санитарлық тораптарды тазалау жұмыстары себеп болған.

"Оқушылардың көптеп жинақталуы сол мезетте ғана санитарлық тораптарды тазалау жұмыстары жүріп жатқандықтан уақытша орын алған қиындық. Алайда балалардың қауіпсіздігі бұл білім ордасында толықтай қамтамасыз етілген", – деді ол.

Білім бөлімі оқушылардың күнделікті сабақ кезінде мектепке кедергісіз кіріп-шығып жүргенін және бұл үдерісті әкімшілік бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.

Оқиғадан кейін мектеп директорына ескерту берілген. Қалалық білім бөлімі балалардың қауіпсіздігі бақылауда екенін хабарлады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары