Malim.kz
Оқиға

Атыраудағы қайғылы оқиға: күдіктінің бұрынғы көршісі күтпеген жайтты айтты

Арман Қайыпхан
Фото: әлеуметтік желі

Атырауда болған қайғылы оқиғаға қатысты басты күдікті саналатын Сұлтан мен Ақбаянның бұрынғы көршісі журналист Жанат Жақсыбайқызына болған жайт туралы айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz.

Журналист әлеуметтік желіде аты-жөні көрсетілмеген хат авторының жазбасын жариялаған.

Көршісінің айтуынша, олар 2023 жылы сол үйдің екінші жағында пәтер жалдап тұрған. Сол кезде Сұлтан мен Ақбаян көрші болған. Алайда екі ай өткен соң олар басқа жерге көшіп кеткен.

“Қазір бұл жаңалықты көріп қатты шошып отырмыз. Алла сақтап, дер кезінде көшіп кеткен екенбіз деп ойлаймыз. Бізге ол отбасы өте тыныш, жуас болып көрінетін. Наурыз деген ағасы да келіп-кетіп жүретін. Ақбаян ақылды, сабырлы адам сияқты әсер қалдырды. Оның анасы да жиі келіп, балаларын қарап жүретін. Жалпы, ешкімге зияны жоқ, тыныш отбасы секілді еді. Жұма күндері бауырсақ, пирожки пісіріп әкеліп беретін. Кейде бізден үстел сұрайтын. Тоңазытқышы болмағандықтан, еттерін бізге сақтауға қалдырып кететін. Ешқашан ақыл-есі дұрыс емес адам сияқты көрінген жоқ. Ақбаян үйін өте таза ұстайтын, үнемі жинап, ақтап жүретін. Жолдасым түнгі ауысымда жұмыс істейтін. Сондай кезде Сұлтанға «қарап қой» деп бізді аманаттап кететін. Өйткені мен екі кішкентай ұлым мен қызыммен үйде қалатынмын. Кейін жолдары батпақ болғандықтан басқа жерге көшіп кеттік. Пәтерақысы қолжетімді болған соң тұрған едік. Қазір адамнан қорқатын заман болды ғой…”, – деп жазған ол.

Бұған дейін Атырау қаласының «Геолог» ықшамауданындағы үйлердің бірінің жанынан табылған Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның мәйіттерін тексеру барысында денелерінде өткір заттан салынған жарақаттар анықталған еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары