Malim.kz
Қоғам

Атыраудағы қанды қылмыс: Күдікті өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Атырау облысы Жангелдин ауылында Қарабалиндер отбасын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты айыптар күшейтілді, деп хабарлайды Malim.kz. Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция департаментінің мәліметінше, оның әрекеті енді Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы бойынша — бірнеше рет жасалған кісі өлтіру ретінде қосымша сараланған. Бұған дейін іс екі және одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша қаралған.

Сонымен қатар, күдіктіге ұрлық пен алаяқтық та тағылып отыр. Тергеу деректеріне сәйкес, ол марқұмдардың жеке заттарын иемденіп, малдарын сатып жіберген.

Адвокат Абзал Қасымжанов заңда бір оқиға аясында бірнеше адамды өлтіру мен әр уақытта жасалған кісі өлтірудің айырмашылығы бар екенін түсіндірді. Бұл істе екі белгі де қарастырылып жатыр.

Аталған бап бойынша 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына соттау жазасы қарастырылған. Істің қоғамда үлкен резонанс тудыруы және күдіктінің шетелге қашуға әрекеттенуі соттың ең қатаң жаза тағайындауына негіз болуы мүмкін.

Адвокат Самат Әбуевтің айтуынша, үкім қылмыстар жиынтығы бойынша шығарылады, мұнда ауыр жаза жеңілін қамтып кетеді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары