Malim.kz
Құқық

Атыраудағы қанды қылмыс: Сұлтан Сәрсемәлиевке жаңа айыптар қосылды

Айбын Атабай
Фото: видеодан скрин

Атырау облысында төрт адамды өлтіру ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Басты айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке адам өлтіру ісі бойынша жаңа айыптар тағылып, әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу мен мал ұрлығы бойынша да қосымша баптар енгізілді, деп хабарлайды Malim.kz.

Бұл туралы Stan.kz жазды.

Атырау облысының мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотында төрт адамды аса қатыгездікпен өлтіру ісі қаралып жатыр. Іс бойынша басты айыпталушы қаза тапқан отбасының күйеу баласы, 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиев.

Оған қайын атасы Мақсот Қарабалинді, қайын енесі Нәсіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ олардың балалары Мирамгүл Қарабалина мен Наурыз Мұқанғалиевті өлтірді деген айып тағылған.

30 маусым күні мемлекеттік айыптаушылар Сәрсемәлиевке тағылған айыптарды толықтырып, жаңа тармақтар енгізілгенін мәлімдеді. Судья Зарема Хамидуллина айыптау актісінің жаңа редакциясын оқып берді.

Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваны өлтіру эпизодына Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі 13-тармағы (Басқа қылмысты жасыру мақсатында жасалған адам өлтіру) қосылды. Мирамгүл Қарабалинаны өлтіру бойынша 99-баптың 2-бөлігі 3 және 10-тармақтары енгізілді. Тергеу мәліметінше, Мирамгүл церебралды сал ауруымен (ДЦП) ауырған, көру қабілеті бойынша III топ мүгедектігі болған және дәрменсіз жағдайда болған. Сондай-ақ тергеу оның ата-анасы өлтірілгеннен кейін полицияға жүгінбек болғаны үшін өлтірілген деп есептейді.

Сонымен қатар Сәрсемәлиевке әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алғаны үшін алаяқтық айыбы тағылды. Оның әрекеті Қылмыстық кодексінің 190-бабы 2-бөлігі 4-тармағы “Ақпараттық жүйе пайдаланушысын алдау арқылы жасалған алаяқтық” бойынша сараланды.

Тергеу мәліметінше, ол қаза тапқан адамдардың атына есептелген әлеуметтік төлемдер мен зейнетақыны заңсыз алған. Бір эпизод бойынша келтірілген шығын көлемі 520 996 теңге деп нақтыланды.

Бұған қоса, бұрын малды сатуға қатысты алаяқтық ретінде қаралған эпизод 188-1-баптың 1-бөлігі “Мал ұрлығы” бойынша қайта сараланды. Сотта Сұлтан Сәрсемәлиев кінәсін ішінара мойындады. Ол Мирамгүл Қарабалинаны және әйелінің ата-анасын қасақана өлтіргенін айтты.

Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі алдын ала жоспарланбағанын мәлімдеп, оны жанжал кезінде өзін-өзі қорғау мақсатында өлтіргенін айтты. Өз сөзінде айыпталушы қылмыстан кейін Қазақстаннан кетіп қалғанын, мұны ұзақ уақыт бойы жиналған қарыздары салдарынан туындаған ауыр психологиялық күйзеліс пен шындықтан қашуға тырысқанымен түсіндірді.

Марқұм Мақсот Қарабалиннің әпкесі Әдемі Шілмағамбетова сотта туыстарының атынан 70 миллион теңге көлемінде моральдық және материалдық өтемақы өндіруді талап етті. Олардың айтуынша, бұл талап бір отбасының бірден төрт мүшесінен айырылуына байланысты келтірілген ауыр зардапқа негізделген.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары