Malim.kz
Қоғам

Ауыз ашқаннан кейін не ішу керек? Дәрігер кеңесі

Айбын Атабай
ЖИ жасаған сурет

Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Рамазан айының қарсаңында дәрігер-диетолог Жанна Нұрбергеннің кеңестерін жария етті, деп жазады Malim.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеп. 

Басқарманың ресми сайтында жазылғандай, дәрігер-диетолог Жанна Нұрберген қандай тағамды тұтынып, қай тағамнан аулақ болу керегін айтып берген. Маман құнарлы тамақтарға басымдық беріп, шаршауға, шөлдеуге әкелетін тамақтардан бас тартуды ұсынды.

«Ақуызға бай ет, балық, бұршақ, жұмыртқа  секілді тағамдарды күніне 2-3 реттен тұтыныңыз. Пайдалы майлар: рафинирленбеген өсімдік майлары, малдың майы, сары май рационда болу керек. Онымен қоса, күрделі көмірсу болғаны дұрыс: қара кебекті нан, көкөністер, жармалар, дәнді-дақылдар», - деп кеңес берді Жанна Нұрберген.

Сонымен қоса дәрігер мына өнімдерден аулақ болған жөн дейді:

Нитрит тұздары қосылған өнімдер – шұжық өнімдері (колбаса);

Тәтті тағамдар, кондитерлік өнімдер;

Жоғарғы сорттық ұннан жасалған өнімдер (нан, макарон өнімдері, т.б);

Энергетикалық, тәтті сусындар;

Кетчуп, майонез, түрлі соустар;

Өсімдік майына қуырылған майлы тағамдар.

Ауыз ашқанда қалай тамақтанған дұрыс

Дәрігер ауызашарда бірінші кезекте жылы су ішіп немесе құрма жеп ауыз ашқан дұрыс дейді. Ауызашардан кейін 15 минут тамақ ішпеген абзал дейді ол. Одан кейін ыстық тамақ алдында салат жеген жөн. Құрамындағы өсімдік талшықтары ішектегі артық шлактарды тазартуға көмектеседі.

«Ұсынылатын тағамдар: сүйектің 7-8 сағат қайнаған сорпасы, ет өнімдері, балық, тауық, жармалар, көкөніс және жеміс-жидектер желіну керек. Аз-аздап бірнеше рет тамақ жеген жөн. Пайдалы майлар туралы да ұмытпаған дұрыс. Авокадо, зәйтүн майы, жаңғақ қосылған салаттар жасауға болады. Ауыз ашқаннан кейін сәресіне дейін 3 литр су ішу керек. Тәтті, тұзды тамақтан бас тарту қажет», - деп жазған басқарма дәрігердің кеңесін.

Сәресі кезінде не жеген пайдалы

Дәрігер сәресі уақытында тойымды, энергия беретін, шөлдетпейтін тағамға көңіл бөлген маңызды дейді.

«Көп уақыт пісіп, ұзақ уақыт қорытылатын сұлы, қарақұмық, күріш, арпа жармасы, жұмыртқа, сүт өнімдері, қантсыз айран, йогурт, еттің барлық түрлері және қара нан жеген жөн. Ақ ұннан жасалған нанды жеуге мүлдем кеңес бермейміз. Рамазан айында дұрыс ораза ұстанса, адам ауыз ашқанда артық тамақтанбаса, ас қорыту жүйесі өте жақсы демалыс алады. Бұл асқазан-ішек жолдарын қалпына келтіруге мүмкіндік береді», - деп жазған басқарма.

Дәрігер адамдардың бәрі бірдей ораза ұстай алмайтынын ескертіп отыр. Яғни, денсаулығында қандай да бір мәселесі бар адамдар міндетті түрде терапевт, эндокринолог дәрігерімен кеңескені абзал.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары