Malim.kz
Әлем

Австралия азаматы Ресейдің мүддесіне тыңшылық жасады деп айыпталды

Айбын Атабай
James Ross/AAP/IMAGO

Австралияда Ресей паспорты бар 27 жастағы ел азаматына Федералдық полиция шетел мемлекетінің мүддесіне жұмыс істеді деген айып тақты. Бұл туралы Австралия Федералдық полициясы 21 тамыз, жұма күні хабарлады.

Австралиялық ABC медиакомпаниясының мәліметінше, Владимир Теслов есімді азамат Украинаға барып, елдің әскери операциялары туралы ақпарат жинап, оны Мәскеуге жеткізуді көздеген. 20 тамызда күдікті Брисбеннің Сумнер ауданында ұсталды. Оның аты-жөні сот отырысы барысында анықталды.

Істі Брисбен магистраттар соты қарап жатыр. Келесі сот отырысы 2 қазанға қалдырылды, деп хабарлайды ABC.

Ресейде әскери дайындықтан өткен

Австралия Федералдық полициясының басшысы Крисси Барреттің айтуынша, тергеу мәліметтеріне сәйкес, Теслов 2024 жылдың қазан айында Ресейге барып, онда «әскери сипаттағы дайындықтан» өткен. Кейін Австралияға оралған.

Австралия полициясының болжамынша, 2025 жылдың мамырында ол Украинаға барып, Украина Қарулы күштерінің қатарына қосылған. Оның мақсаты – украиналық әскери қызметшілер, армия бөлімдері және олардың орналасқан жері туралы ақпаратқа қол жеткізу болған.

Осыдан кейін ол бұл мәліметтерді Ресейдің агенттері деп санаған адамдарға беруге әрекет жасаған. «Оның әрекеті украиналық әскери қызметшілердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін», – деді Барретт.

Австралия полициясы құқыққа қайшы әрекеттердің бір бөлігі Австралияда, ал қалғаны шетелде жасалған деп есептейді. Сонымен бірге Австралия Федералдық полициясының бағалауынша, «Австралияға қандай да бір қауіп төнгенін немесе қазіргі уақытта қауіп бар екенін көрсететін ешқандай белгі жоқ».

Жаңа тұтқындаулар болуы мүмкін

Владимир Теслов туралы әзірге көп ақпарат айтылған жоқ. Полиция мәліметінше, ол жұмыссыз болған. Сонымен қатар тергеушілер оның сыбайластары болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

«Сондықтан алдағы уақытта тағы да тұтқындаулар болуы ықтимал», – деді Барретт.

Оның айтуынша, бұл іс бойынша шетел мемлекетінің мүддесіне заңсыз әрекет етті деген баппен айып тағу орынды. Себебі күдіктінің негізгі мақсаты Австралия емес, Украина болған деген болжам бар.

«Біз Австралияның басқа мемлекеттердің тапсырмасымен заңсыз әрекеттерді жүзеге асыратын адамдар үшін қауіпсіз баспанаға айналғанын қаламаймыз», – деп түсіндірді ол.

Австралия заңнамасына сәйкес, айыпталушы 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Ал Ресейдің Австралиядағы елшілігі Ресей азаматына қатысты мұндай айып тағылғаны туралы ресми хабарлама алмағанын мәлімдеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары