Malim.kz
Қоғам

Азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу тәртібі өзгерді

Айбын Атабай
Kazinform/ DALL-E

24 қарашадан бастап азаматтарды тұрғылықты жері бойынша тіркеу рәсіміне енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Қызмет тек онлайн форматта eGov.kz электрондық үкімет порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы көрсетіледі. Бұл туралы Malim.kz. Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеп хабарлайды.

Қызмет келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:
•    Қазақстан Республикасының азаматтарына, оның ішінде тұрғын үй иелеріне;
•    сот шешімімен әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі болып танылған 18 жастан асқан азаматтардың қорғаншылары мен заңды өкілдеріне;
•    14-16 жас аралығындағы балалардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне.

14 жасқа дейінгі балалар жеке тіркеуге тұрмайды. Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 16-бабына сәйкес, он төрт жасқа толмаған баланың тұрғылықты жері оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің тұрғылықты жері болып табылады.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйде тұратын азаматтарға қатысты да жаңартулар енгізілді. Енді мұндай үйдің жалға алушысы шартта көрсетілген тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша тіркей алады. Егер өтініш беруші жалдау шартындағы тізімде болмаса, жүйе өтінішті автоматты түрде қайтарады.

Мемлекеттік жалдамалы тұрғын үйге тіркеу бойынша сұрақтар туындаған жағдайда, тұрғын үй орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға жүгінген жөн.

Егер өтініш беруші өзіне тиесілі емес мекенжайға тіркелуге өтініш берсе, жүйе үй иесіне 1414 нөмірінен SMS-код жібереді. Тұрғын үйдің иесі хабарлама алынған сәттен бастап бір сағат ішінде келісімін растауы қажет.

eGov.kz порталы арқылы қызметті қалай алуға болады:

1.    Порталда авторизациядан өтіңіз және мына бөлімге кіріңіз:
2.    Азаматтарға → Азаматтық, миграция және иммиграция → Тұрғылықты жері бойынша тіркеу.
3.    "Онлайн сұрау" батырмасын басыңыз.
4.    Электрондық өтінімді толтырып, ЭЦҚ немесе бір реттік SMS-код арқылы қол қойыңыз.
5.    Қызмет нәтижесін жеке кабинеттен көруге болады. Өтінімнің өңделу мәртебесі "Қызметтерді алу тарихы" бөлімінде көрсетіледі.

eGov Mobile арқылы тіркеуден өту тәртібі:

1.    eGov Mobile қосымшасына кіріп, "Мемлекеттік қызметтер" бөліміне өтіңіз.
2.    "Жылжымайтын мүлік және ТКШ" бөлімінен "Қазақстан Республикасының азаматтарын тұрғылықты жері бойынша тіркеу" қызметін таңдаңыз.
3.    Қажетті деректерді енгізіп, тіркеу себебін көрсетіңіз.
4.    Қызметке қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірін пайдаланыңыз.
5.    Өтінім мәртебесін "Хабарламалар" → "Жеке кабинет тарихы" бөлімінен тексеруге болады.

2025 жылдың басынан бері Қазақстанда тұрғылықты жері бойынша онлайн-тіркеу қызметін шамамен 750 мың адам пайдаланды, бұл көрсетілетін қызметтердің жалпы санының 70 пайыздан астамын құрайды.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары