Malim.kz
Қоғам

Азаттық радиосы бөлінген гранттың бір бөлігін алатын болды

Сұлу Бөлек

АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігі (USAGM) Азат Еуропа/Азаттық радиосына (АЕ/АР) конгресс бөлген қаржының бір бөлігін беруге келісті. Бұл жөнінде 24 наурызда агенттіктің өзі мәлімдеді, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі. 

Мұны олар Азаттық радиосы медиакорпорациясы мен USAGM басшылығы арасындағы сот отырысынан бұрын хабарлаған. 

Нәтижесінде Азат Еуропа/ Азаттық радиосы 1-14 наурыз аралығындағы грантты қамтитын 7,46 млн доллар соманы алады.

«Агенттік төлем жасауға қажет жылдам әкімшілік шараларды орындады» делінген USAGM-нің сот ісіне тіркелген хатында. Оған сәйкес қаражат 26 наурызда аударылады, ал Азат Еуропа/ Азаттық радиосы оны ай соңында алады. 24 наурыздағы сот отырысында USAGM атынан өкілдік еткен АҚШ әділет министрлігінің өкілі Абигейл Стоут халықаралық хабар тарату заңына сәйкес медиаұйым келісім талаптарын орындамаған жағдайда агенттік АЕ/АР-мен арадағы грант туралы келісімді тоқтата алады деп жазылғанын айтты. «Сондықтан заң агенттіктің грантты тоқтатуына мүмкіндік береді» деді Стоут, - делінген хабарламада. 

Азат Еуропа/ Азаттық радиосының мүддесін қорғайтын адвокат Дэвид Зионтс «агенттік ойына келгенін істейтін болса», конгресске ол ақшаны бөлудің «ешқандай мәні де болмас еді» деп жауап берді.

Азат Еуропа/ Азаттық радиосы биылғы бюджет жылының соңына, яғни 2025 жылғы 30 қыркүйекке дейін бөлінген грант қаржысын алуға талпынып жатыр. Медиакорпорация қаржы беруді доғару туралы шешімді уақытша тоқтату туралы өтініш берді. Судья Ройс Ламберт бұл бойынша алдағы апталарда шешім шығаруы керек.

Фото: Азаттық радиосы

Сұлу Бөлек
Автордың басқа материалдары