Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау күшейтілді. Жыл басынан бері ӘМАТ тізімі 19-дан 31 атауға дейін кеңейген. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі бақылау шараларын күшейтіп отыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Министрлік мәліметінше, сәуір айының ортасына дейін шекті сауда үстемесін асырғаны үшін 1 406 әкімшілік айыппұл салынған. Бұл 2025 жыл бойы тіркелген құқық бұзушылықтардың шамамен жартысына тең.
Сондай-ақ өңірлік комиссиялар делдалдық схемаларды анықтау жұмысын жандандырды. Ел бойынша 372 отырыс өткізіліп, 1 092 заң бұзушылық анықталған. 974 хаттама толтырылып, тауар өткізу тізбегінен 118 делдал шығарылды.
Министрлік электрондық шот-фактураларды талдау арқылы бағаны негізсіз өсіру тәуекелдерін анықтап жатыр. Жыл басынан бері мұндай 2 361 жағдай тіркеліп, деректер өңірлік бөлімшелерге жолданған.
Ведомствоның хабарлауынша, бақылау жұмыстарына цифрлық құралдар мен жасанды интеллект технологиялары енгізілуде. Бұл үлкен көлемдегі деректерді қысқа уақытта өңдеп, заң бұзушылықтарды жедел анықтауға мүмкіндік береді.
Жаңа тәсілдер арқылы бір өңір ішінде үш және одан да көп көтерме буын қатысатын тізбектер, сондай-ақ бір күнде жасалған төрт және одан көп буынды мәмілелер анықталады. Сонымен қатар мәміле қатысушыларының өзара байланысы да талданады.
Анықталған тәуекелдер өңірлік комиссиялардың қарауына жіберіліп, заң талаптарын бұзған немесе тиімсіз делдалдар тауар өткізу тізбегінен шығарылады.