Malim.kz
Қоғам

Бабақұмаровтың өлімі: Іс Бишімбаевқа үкім шығарған судьяға берілді

Арман Қайыпхан
Фото:primeminister.kz

Астанада экс-шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты резонансты қылмыстық істі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды. Бұл туралы елорда прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомство дерегінше, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша тергелген.

«Күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс ҚР ҚІЖК-нің 300–305-баптарының талаптарын сақтай отырып, сотқа жолданды», – деп хабарлады прокуратура өкілдері.

Істің өзге мән-жайлары ҚР ҚІЖК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Астана сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, іс Мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотқа түскен. Істі судья Айжан Күлбаева қарайды. Ол бұған дейін экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы өлтіру ісі бойынша үкім шығарған болатын. Алдын ала сот тыңдауы 19 қаңтарға белгіленді.

Еске сала кетейік, 30 қазанға қараған түні Ержан Бабақұмаров танысымен болған жанжал кезінде қаза тапқан еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары