АҚШ-тың Ұлттық барлау басқармасы (NRO) қырғи-қабақ соғыс кезеңінде КСРО-ның әскери инфрақұрылымын бақылауға арналған Jumpseat тыңшы спутниктеріне қатысты құпия материалдардың бір бөлігін жария етті, деп хабарлайды Malim.kz.
Қырғи-қабақ соғыстың ғарыштағы барлауы
Америкалық барлау спутниктері 1971-1987 жылдар аралығында ұшырылған. Олар Батыс елдері мен коммунистік блок арасындағы текетірес күшейген кезеңде стратегиялық маңызы зор ақпарат жинауға бағытталған.
NRO дерегіне сәйкес, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін коммунистік жүйенің күшеюі мен ядролық қарудың жаппай таралуы АҚШ-ты алаңдатқан. Ал КСРО-ның "Спутник-1" ғарыш аппаратының сәтті ұшырылуы орбитаға ядролық қауіп төндіруі мүмкін нысандарды орналастырудың техникалық тұрғыда мүмкін екенін көрсеткен.
Осыдан кейін жаңадан құрылған Ұлттық барлау басқармасына АҚШ-тың қауіпсіздігіне қатысты маңызды сұрақтарға жауап іздеу міндеті жүктелген.
Jumpseat спутниктерінің миссиясы
NRO мен АҚШ Әскери-әуе күштері бірлесіп, жоғары орбитада жұмыс істейтін озық барлау спутниктерін әзірлей бастаған. Jumpseat жобасының негізгі мақсаты – қарсы тараптың шабуыл және қорғаныс жүйелерін бақылау, сондай-ақ ықтимал қауіп-қатер жөнінде бірегей деректер жинау болған.
Алғашқы Jumpseat спутнигі 1971 жылы Калифорниядағы Ванденберг әуе базасынан ғарышқа ұшырылған. Ол орбитада ұзақ уақыт бойы жұмыс істеп, АҚШ-тың деректер орталықтарына құнды барлау ақпаратын үздіксіз жеткізіп отырған.
Бұл спутниктер шетелдік радарлардан, радиобайланыс желілерінен, зымыран кешендері мен басқару жүйелерінен тарайтын электронды сигналдар мен сәулелерді тіркеп, құпия әскери байланыстарды анықтаумен айналысқан.
Қазақстан нысандары бақылауда болды ма?
АҚШ барлығы сегіз Jumpseat спутнигін ұшырған, соның біреуі ғана сәтсіздікке ұшыраған. Қалғандары ондаған жыл бойы қызмет етіп, тек 2006 жылы ғана толық істен шыққан.
Әзірге Jumpseat спутниктерінің Байқоңыр, Семей немесе Сары-Шаған секілді Қазақстан аумағындағы әскери полигондарға қатысты нақты мәліметтері жарияланған жоқ. Дегенмен спутниктердің негізгі миссиясы КСРО-дағы әскери сынақтарды бақылау болғанын ескерсек, бұл нысандардың назардан тыс қалуы екіталай.