Астанада әлеуметтік желіде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған ер адам 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды Malim.kz.
Полицияның мәліметінше, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында құқыққа қайшы бейнежазба анықталған. Онда TikTok әлеуметтік желісінің қолданушысы қоғамдық орында бейнежазба түсіріп, балағат сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзған. Кейін ол бұл видеоны өзінің парақшасында жариялаған.
Тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын жедел анықтады. Ол – 32 жастағы Мирас Беркинбаев.
Аталған факті бойынша ер адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен 10 тәулікке қамауға алынды.
Полиция әлеуметтік желілерге тұрақты түрде мониторинг жүргізілетінін еске салып, азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға және интернет кеңістігінде әдеп нормаларын ұстануға шақырды.